Шымкент полициясы қоғамдық тәртіп пен ұрпақ тәрбиесін қатар ұстануда. Соңғы кездері мегаполисте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, есірткі қылмысына тосқауыл қою және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
ҰЙЫМДАСКАН ҚЫЛМЫС ТОБЫ ІСТІ БОЛДЫ
Қалалық Полиция департаментінің жедел әрекет етуі нәтижесінде аса ірі көлемде есірткі өндірумен және таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді.
2023–2024 жылдар аралығында «Telegram» желісі арқылы психотроптық заттарды заңсыз әзірлеп, сатумен айналысқан топтың мүшелері арнайы операция кезінде қолға түсті.
Тәркілеу барысында үш келіден астам есірткі, зертханалық құралдар мен қаражат алынған.
Сот үкімімен айыпталушылар 10 жылдан 15 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл — заң үстемдігін және қылмысқа мүлдем төзбеушілік қағидатын нақты дәлелдейтін шешім болды.
ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС – БАСТЫ БАҒЫТ
Полиция департаменті «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі қылмысына қарсы күресті жалғастыруда.
Жедел уәкілдердің үйлесімді жұмысы нәтижесінде қала аумағында синтетикалық есірткі таратумен айналысқан бірнеше шетел азаматы ұсталды.
Сондай-ақ, жасырын қоймалардан 200 грамнан астам «мефедрон» есірткісі тәркіленді.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды сақ болуға, заңсыз айналымға қатысудың ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
ЖАЛҒА БЕРІЛЕТІН ПӘТЕРЛЕРДЕГІ ТӘРТІП БАҚЫЛАУДА
Полиция өкілдері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуде.
Қазіргі таңда кәмелетке толмағандарға пәтерді жалға беру жағдайлары жиілеп, ол түрлі құқық бұзушылықтарға жол ашуда.
Сондықтан полиция басқармасы азаматтарға:
ата-анасының немесе заңды өкілінің рұқсатынсыз жүрген жасөспірімдерге пәтерді жалға беруге қатаң тыйым салынатынын ескертеді.
Мұндай жағдай анықталған кезде бірден «102» нөміріне хабарлау қажеттігі айтылды.
Тәртіп сақшылары бұл бастама қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында қолға алынғанын атап өтті.
ПОЛИЦЕЙЛЕР МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ҚАУІПСІЗДІК САБАҒЫН ӨТКІЗДІ
«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері қаладағы №25, №65 және №148 мектептерінің оқушыларымен кездесті. Кездесу барысында полицейлер 300-ден астам жоғары сынып оқушыларына қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, онда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды мәселелерін талқылады және құқықтық салдарын түсіндірді.
Өз кезегінде полицейлер қорқыту, есірткі қылмыстары және басқа да құқық бұзушылықтар үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Сондай-ақ полицейлер бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде абай болу және интернеттегі алаяқтардан сақ болу туралы кеңес берді. Полицейлер атап өткендей, қауіпсіздік сабақтары жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруда, қауіпсіз қоғамды қалыптастыруда және полиция жұмысына деген сенімді арттыруда маңызды қадам болды.
ЖАС САҚШЫЛАР – ПОЛИЦИЯНЫҢ СЕНІМДІ ІЗБАСАРЛАРЫ
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жас буынның тәрбиесі де маңызды орын алады.
Осы мақсатта Шымкенттегі «Металлург» стадионында Ішкі істер министрінің Кубогына арналған шағын футболдан республикалық турнир өтті.
«Жас сақшы» және «Жас динамо» кадет сыныптарының 200-ден астам оқушысы қатысқан спорттық додада елорда командасы жеңімпаз атанды.
Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, спорт – тәртіп пен рухани күштің бастауы екенін атап өтті.
Жарыс барысында бейбітшілік пен достықтың нышаны ретінде көгершіндер көкке қалықтап, жастар ел тыныштығын сақтауға үлес қосуға ант етті.
Шымкент полициясының бастамалары тек қылмыспен күресті күшейтіп қана қоймай, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау, жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған.
Адал қызмет, мызғымас тәртіп, ұлт қауіпсіздігі – міне, полиция қызметінің басты мұраты осы.