1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында Түркістан облысының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері, елдің абыз ақсақалы Анарбай Мырзахметовтың шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтауларын жеткізді.
Кездесуде ардагерге сый-сияпат көрсетіліп, әскерилер ізгі тілектерін білдірді.
– Қарияларымыз – халқымыздың тірі шежіресі. Аға буынның өнегелі өмірі мен ерлік жолы біз үшін қашанда үлгі. Осындай кездесулер арқылы жастарымызға отансүйгіштік пен батырлықтың мәнін жеткіземіз, – деді Қазығұрт аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Бағлан Өрісбай.
Анарбай Мырзахметұлы 1926 жылы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. 18 жасында әскер қатарына шақырылып, Белорусь майданына аттанған жас жауынгер алғашқы ұрысын Польша жерінде бастады. Варшаваны азат етуге қатысып, Эльба өзеніне жеткенше ерлікпен шайқасты. Ол Магдебург пен Бланкенбург қалаларын азат етуге үлес қосып, атақты маршал Георгий Жуков басқарған әскер сапында Берлинді алу операциясына қатысып, Жеңісті сол қалада қарсы алды.
Соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласқан ардагер жүргізуші, кейін ферма меңгерушісі қызметтерін атқарды. Жұбайы Шәман апай екеуі он бала тәрбиелеп, бүгінде 47 немере, 93 шөбере, 2 шөпшектің сүйікті атасы атанып отыр.
Биыл 99 жасқа толған майдангердің ғибратты өмірі – ел тарихының айнасы, жас ұрпаққа үлгі. Әскерилердің айтқанындай, оның ерлік жолы ешқашан ұмытылмайды, ал өмірлік өнегесі – болашаққа аманат.