Шымкент қаласында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдеріне арналған ауқымды тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» тақырыбымен өткен жиынға қала мектептерінің ұстаздары, қоғам қайраткерлері және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Басты мақсат – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, әскери-патриоттық білім беру ісін жетілдіру және оқу-тәрбие процесіне жаңа әдістемелерді енгізу.
Семинар №68 мектептің базасында өтіп, қаладағы 285 мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерін тоғыстырды. Жиында ардагерлер мен сала мамандары мазмұнды баяндамалар жасап, әскери-патриоттық тәрбиедегі тәжірибелерімен бөлісті. Ашық сабақтар ұйымдастырылып, педагогтар оқытудағы тиімді әдіс-тәсілдерін ортаға салды.
– Осындай семинарлар ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға, бір-бірінің тәжірибесін үйренуге жол ашады. Сабақ жоспарын құру, әдістемелік құралдарды пайдалану және оқушыны жан-жақты зерттеу тәсілдері талқыланды. Бұл – болашақ сарбаздардың сапалы білім алып, биік жетістіктерге жетуіне ықпал етеді, – деді алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Сержан Назаров.
Маңызды шара аясында «Қарулы күштерінің ардагерлері» бірлестігінің қалалық филиалы төрағасы, ардагер Серікбай Оңбаев атындағы алғашқы әскери дайындық кабинеті ашылды.
– Өскелең ұрпақтың елін қорғауға дайын болуы – біздің басты міндетіміз. Жастарымыз осы жерден білім алып, әскери рухпен өмірге қадам басады. Бұл игі іс жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі болады, – деп атап өтті Серікбай Оңбаев.
Бұл – жаңа оқу жылындағы алғашқы тәжірибелік семинар. Жыл соңына дейін қала мектептерінде осындай тағы сегіз жиын өткізу жоспарланған.