Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда Таскен, Елтай және Сәуле шағын аудандарында өрт сөндіру деполарының құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жоба толық аяқталған соң әр нысанда 20-ға дейін қызметкер жұмыс істейді және 2 өрт сөндіру техникасы тәулік бойы дайындықта тұрады.
Бұдан бөлек, бұл деполар тек өрт сөндірушілерге ғана емес, халыққа кешенді қызмет көрсететін қауіпсіздік орталығы ретінде де қызмет атқарады. Мұнда учаскелік полиция пункті, медициналық көмек көрсету пункті, сондай-ақ жол-патрульдік полиция бөлімшесі орналастырылады.
Бір қабатты заманауи ғимараттың жобасында қызметтік кабинеттермен қатар, асхана, оқу сыныбы, демалыс бөлмелері және жабдық сақтау қоймасы қарастырылған. Бұл мамандардың тиімді жұмыс істеуіне әрі кәсіби даярлығын арттыруға мүмкіндік береді.
Өрт сөндіру деполарының шағын аудандарға салынуы – төтенше жағдай кезінде әрекет ету уақытын қысқартады. Бұрын қала орталығынан жететін өрт сөндірушілердің уақыты енді бірнеше есеге азаймақ. Бұл тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады.
Жыл соңына дейін Шымкент қаласында тағы екі нысанның – Бозарық және Жаңаталап шағын аудандарындағы өрт сөндіру деполарының құрылысы басталады.
Ал 2026 жылы Ынтымақ, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Шымсити және Ақжар шағын аудандарында осындай заманауи деполардың құрылысын қолға алу жоспарлануда.
Қаладағы ең ірі нысандардың бірі – Тұран шағын ауданында салынудағы 4 өрт сөндіру көлігіне арналған депо. Құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған жоба бүгінде 25 пайызға орындалған. Бұл нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.
Тұран депосы іске қосылған соң, ол тек өз ауданына ғана емес, көршілес аймақтарға да қызмет көрсететін өңірлік маңызы бар бөлім болмақ.
Қала аумағының кеңеюіне байланысты өрт сөндіру инфрақұрылымын жетілдіру – тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы.
Жаңа деполардың салынуы арқылы Шымкент төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету уақыты мен сапасын айтарлықтай арттырып, қауіпсіз қала тұжырымдамасын нақты іске асырып келеді.