Шымкентте қоян-қолтық ұрыстан жеңімпаз Дархан Жорағұлды салтанатты түрде қарсы алды
Шымкент қаласының әуежайында жастар арасындағы қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы, лейтенант Дархан Жорағұлды салтанатты жағдайда қарсы алды. Чемпионды әріптестері, әскери оркестр музыканттары және ұлттық киім киген қыздар дәстүрлі тағамдар ұсынып, ерекше құрмет көрсетті.
Жастар арасындағы армиялық қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты Ақтау қаласында өтті. Байрақты бәсекеге 23 елден спортшылар қатысты. 97 келі салмақ дәрежесінде өткен тартысты жарыста Дархан Жорағұл барлық қарсыласын артта қалдырып, алтын медаль иеленді.
– Бұл тек менің жеңісім емес. Бұл – командирлерімнің, тәлімгерлерімнің және қызметтестерімнің қолдауының нәтижесі. Маған сенім артып, демеу болған баршаңызға алғысым шексіз, – деді чемпион.
Дархан Жорағұл қоян-қолтық ұрыспен 2020 жылы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында оқып жүргенде айналыса бастаған. 2021 жылдан бері республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда үнемі жүлделі орындардан көрініп келеді. Оның қоржынында әлем чемпионатының, ТМД біріншілігінің, Қазақстан Қорғаныс министрі кубогының және генерал-майор Әубәкір Арыстанбековты еске алуға арналған республикалық турнирдің жеңістері бар.
Бұл жеңіс – қазақстандық әскери спортшылардың жоғары дайындық пен қайсар мінезінің айқын дәлелі. Әскер қатарындағы мұндай табыстар жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, Отан қорғаушылардың абыройын асқақтатады.