57 жылдық еңбек жолын білім мен ғылымға арнаған профессор Асма Қалыбекованың 80 жылдық мерейтойына орай Шымкентте халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға Қазақстан мен шетелдің ғалымдары қатысып, халық тәрбиесінің құнды мұрасын талқылады. Асма Ахметқызының еңбектері ұлттық дәстүр мен құндылықтарды ғылыммен сабақтастырып, білім беру жүйесіне енгізген. 350-ден астам ғылыми еңбек пен бірнеше монографияның авторы атанған ғалым – жас ұрпаққа рухани бағдар сыйлаған тұлға. Мерекелік шара қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Бұл игі дәстүр ұрпаққа рухани тағылым беріп, конференцияның мазмұнымен үндесіп отыр. Асма Қалыбекованың өмір жолы – ұстаздық пен ғылымға адалдықтың үлгісі. 57 жыл бойы ол шәкірт тәрбиелеп, жас ғалымдарды ғылымға баулыды. Конференция аясында ғалымның құрметіне арнайы ғылыми-оқу залы ашылды. Бұл залда профессордың еңбектері, шәкірттері жазған зерттеулер, ұлттық тәрбиеге қатысты сирек кездесетін ғылыми материалдар жинақталған. Жас ізденушілер үшін бұл орталық білім мен ғылымның үлкен қазынасына айналмақ.
Профессор ұлттық педагогика саласында өзіндік ғылыми мектебін қалыптастырып, қазақ халқының ғасырлар бойғы тәрбие дәстүрін жүйелі түрде зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі болды. Оның еңбектері халықтың бай тәжірибесін саралап қана қоймай, оны қазіргі заманғы білім беру жүйесіне енгізудің тиімді жолдарын көрсетті. Халықаралық ғылыми жиынға Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан, Түркия мен Өзбекстаннан, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңіріндегі жоғары оқу орындарының ғалымдары келді. Олар ұлттық тәрбие мен халық педагогикасының бүгіні мен болашағын талқылап, өзара ғылыми пікір алмасты. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы қатысып, Асма Ахметқызының еңбегін ерекше атап өтті.
Асма Ахметқызының қаламынан 350-ден астам ғылыми еңбек пен 6 монография жарық көрді. Оның ішінде екі монография ағылшын тілінде жарияланып, халықаралық деңгейде қолданыс тапты. «Қазақ халық педагогикасының теориялық және қолданбалы негіздері», «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» атты кітаптары – педагогика саласындағы іргелі еңбектер. Профессор Асма Қалыбекованың еңбегі – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жас ұрпаққа рухани тәрбие берудің алтын арқауы. Халық педагогикасының терең тамырын бүгінгі күнмен ұштастыра білген ғалымның ғылыми жолы – болашақ педагогтарға үлгі, ал рухани мұрасы – барша қазақ қоғамының қазынасы.