Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында ерлер мен әйелдер арасында өрт-құтқару спорты бойынша VIII Қазақстан Кубогі өтті. Бұл додада еліміздің үздік құрамалары бақ сынап, жоғары кәсіби дайындық пен спорттық шеберліктерін паш етті.
Жарыс қорытындысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің әйелдер құрама командасы ерекше нәтиже көрсетіп, «Жауынгерлік қанат жаю» сайысында І орынды жеңіп алды. Бұл жетістік – команданың табандылығы мен кәсіби дайындығының айқын дәлелі.
Осыған орай Шымкент қаласы ТЖД бастығы, генерал-майор Қуандық Базарбаев жеңімпаз спортшылармен арнайы кездесті. Ол құттықтау сөзінде спортшылардың жеңісі тек жарыстағы табыс емес, сонымен бірге төтенше жағдайларда әрекет етуге әрқашан дайындықтың көрсеткіші екенін атап өтті:
«Бұл нәтижелер – біздің қызметкерлердің кәсіби шеберлігінің, табандылығы мен командалық рухының айқын дәлелі. Өрт-құтқару спорты тек спорттық жетістік емес, сонымен бірге қызметтік міндеттерге әрдайым дайын екеніміздің көрінісі. Мұндай жеңістер жас қызметкерлерге үлгі болып, жаңа белестерге жетуге жігер береді», – деді департамент бастығы.
Кездесу соңында генерал-майор Қ.Базарбаев спортшыларға мықты денсаулық, табыс және алдағы республикалық әрі халықаралық деңгейдегі жаңа жеңістер тіледі.