Шымкентте тәртіп сақшылары жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды шара өткізді. Қаладағы аудандық полиция басқармаларының жедел уәкілдері 300 мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, 100 мыңға жуық жасөспірімге құқықтық білім берді.
Сабақ барысында полицейлер заңға құрметпен қараудың маңыздылығын түсіндіріп, құқық бұзушылықтың салдары мен оның болашаққа тигізер зиянына тоқталды. Әсіресе мектеп оқушылары арасында жиі кездесетін буллинг мәселесі кеңінен талқыланып, оның түрлері, психологиялық және әлеуметтік салдары, сондай-ақ жауапкершілік шаралары жан-жақты түсіндірілді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, оларды қоғамға пайдалы, заңға бағынатын азамат болып өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар полицейлер балалардың сеніміне ие болып, олардың қиын жағдайда кімге жүгіну керегін көрсету арқылы жас ұрпақ үшін сенімді тірекке айналып келеді.
Құқықтық тәрбие беру – тек заңды үйрету емес, ол – жасөспірімдерге әділдікті, жауапкершілікті, өзгенің құқығын құрметтеуді сіңіру. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.