Бесінші қыркүйек түні патрульдеу кезінде шымкенттік полиция инспекторлары Ерсұлтан Өмірзақов пен Рахат Мырзабеков өздерінің қырағылығы мен батыл қимылының арқасында үлкен апаттың алдын алды.
Қала көшелерін аралау барысында тәртіп сақшылары автожанармай бекеті аумағынан көтерілген қою түтінді байқап, бірден оқиға орнына жеткен. Жағдайдың қауіптілігін дер кезінде бағамдаған олар шұғыл түрде “101” қызметіне хабар беріп, өрт жайлы мәліметті жеткізді.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін полицейлер жанармай бекетінің аумағында тұрған автокөлікті қауіпсіз жерге шығарып, азаматтарды эвакуациялауға кірісті. Осылайша, олардың кәсіби іс-әрекеті көптеген адамның өмірін сақтап қана қоймай, жарылыс қаупін болдырмады.
Бұл оқиға – тәртіп сақшыларының тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген төтенше жағдайда азаматтардың өмірін қорғау үшін жанқиярлықпен әрекет ететінін айқын көрсетеді. Ерсұлтан Өмірзақов пен Рахат Мырзабековтің ерлігі – елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі.