Шымкент қаласында полиция қызметкерлері ірі көлемдегі синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету және жастарды зиянды әдеттерден қорғау мақсатында елімізде есірткіге қарсы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның бірі – «Қарасора – 2025» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында шымкенттік тәртіп сақшыларының қырағылығының арқасында кезекті қылмыстық әрекет әшкереленді.
Жедел шара барысында Алматы қаласының тұрғыны ұсталып, оның басқаруындағы автокөліктен 2 келіден астам синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді.
Бұған қоса, полицейлер есірткі заттарын байланыссыз тәсілмен таратумен айналысқан жергілікті тұрғынды да ұстады. Оның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде 200 грамнан асатын психотроптық зат анықталып, айғақ зат ретінде алынды.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл операция полицияның қоғам қауіпсіздігін қорғаудағы, жастарды есірткі уысынан сақтап қалудағы жоғары кәсібилігін, табандылығын және заң алдындағы адалдығын көрсетеді.