Жаз – демалыс пен серуеннің ғана емес, су айдындарындағы қауіптің де белең алатын уақыты. Әсіресе балалардың қатысуымен болатын қайғылы оқиғалар көбіне ата-ананың салғырттығы мен қауіпсіздік ережелерін елемеуден туындайды. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласында судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Шомылу маусымы аяқталғанға дейін құтқарушылар күн сайын рейдтік патрульдерге шығып, демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіпі мен заңмен тыйым салынғаны жиі ескертіледі.
Жақында «Рахат Бадам» демалыс аймағында өткен акция барысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің және Еңбекші аудандық ТЖ басқармасының қызметкерлері, қала әкімдігінің өкілдері мен «112» бағдарламасының журналистері суға шомылушылармен кездесті.
Іс-шарада демалушыларға арнайы жадынамалар таратылып, суда өзін ұстау ережелері түсіндірілді. Құтқарушылар атап өткендей, шомылу кезінде мына негізгі қағидаларды сақтау қажет:
- Балаларды қараусыз қалдырмау;
- Тек рұқсат етілген, жабдықталған орындарда шомылу;
- Суға алкогольдік ішімдік ішкен күйде түспеу;
- Құтқару құралдарын пайдалануды білу.
Статистикаға сүйенсек, жазғы маусымда тіркелетін судағы қайғылы оқиғалардың көпшілігі дәл рұқсат етілмеген жерлерде орын алады.
Акция барысында мамандар суға батып бара жатқан адамды құтқару және алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Бұл жаттығуларға балалар мен ересектер де қатысып, қауіпсіздік дағдыларын іс жүзінде меңгерді.
Құтқарушылардың үндеуі. Шара соңында ТЖД мамандары қала тұрғындарына және қонақтарына суда қауіпсіздікті сақтауға шақырды.
Есте сақтаңыз: Қауіп төнсе – дереу 112 нөміріне хабарласыңыз!
Құтқарушылар жағажайда жиналған демалушыларға құтқару құралдарын қолдану тәсілін көрсетуде. Балалар қызығушылықпен қарап, қауіпсіздік сабақтарына белсенді қатысуда.