Ата-анасының қарауынсыз түнгі уақытта жүретін жасөспірімдердің саны аз емес. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен елімізде «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шара өтті. Мақсат — кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз жүруінің, құқық бұзушылықтың және түрлі қауіп-қатердің алдын алу. Рейд барысында полиция қызметкерлері ойын-сауық мекемелерін, интернет клубтар мен басқа да нысандарды тексерді. Кәмелет жасына толмаған балалар анықталып, олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Заң талаптарына сәйкес, егер бала түнгі 22:00-ден кейін заңды өкілінсіз ойынханада жүргені анықталса, ата-анасына 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал кәмелетке толмағандарды кіргізген мекеме басшылығына 15 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ, көшеде заңды өкілсіз жүрген жеткіншек анықталса, алғаш рет ескерту беріледі. Ал қайталанса – әкімшілік шара қолданылады. Мұндай профилактикалық шаралар – тек жазалау емес, ең алдымен ата-аналар мен балаларға ескерту, түсіндіру, алдын алу. Заң талаптары – әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Түнгі рейдтер барысында анықталған әрбір заңбұзушылық – болашақта үлкен қатердің алдын алуы мүмкін. Сондықтан полиция өкілдері ата-аналарға өз балаларына түнгі уақытта жауапкершілікпен қарауға кеңес береді. «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы мұнымен аяқталмайды. Мұндай рейдтер алдағы уақытта да еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жалғасады.











