Сенаторлар Шымкент қаласындағы теміржол өткелінің құрылыс жұмысымен танысты.Еңбекші ауданындағы Момынов көшесінің бойында салынып жатқан аспалы жол өткелі қаладағы көлік кептелісін жеңілдетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруды көздейді.Ағымдағы жылдың желтоқсан айында нысан пайдалануға беріледі. 2024 жылдың қараша айында құрылысы басталған нысанның ұзындығы 530,0 метрді құрайды. Құрылыс нысаны бойынша мердігер мекеме – «Корпорация Береке А» ЖШС, ал техникалық қадағалаушы – «Айбар Ш» ЖШС. Жобаның авторлық қадағалауын «CRB Construction» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 7,3 млрд теңгеден асады. Оның ішінде мердігерлік жұмыстың құны – 1317,1 млн теңге, техникалық қадағалау – 25,5 млн теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2025 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Өткел жобасында көлік қозғалысы үшін 4 жолақты жүріс бөлімі, жаяу жүргінші жолдары, жарықтандыру бағаналары және қауіпсіздік тосқауылдары қарастырылған. Аталған өткел көлік жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.