Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі іс-қимылдар жалғасуда. Қоғам мен мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін бұл індетпен күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша азаматтардың ортақ міндеті. Осы мақсатта қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізілді.
Мекемелермен ынтымақтастық.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында Шымкент қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығының қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Іс-шарада сот сараптамасы институттарындағы жемқорлық тәуекелдерін жою, құқық бұзушылықтың алдын алу және басшылардың жеке жауапкершілігі туралы кеңінен айтылды.
ҚПК-нің 200-бабы бойынша ұсыныстар талқыланып, құқықбұзушылыққа жол ашқан себептер мен жағдайлар талданды. Сонымен қатар, мекеменің қаржылық есептілігіне аудит жүргізу, төлем құжаттарын шектеу және ішкі бақылау жүйесін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Экология саласындағы әділеттілік: Ашықтық пен жауапкершілік
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында Шымкент қаласының Экология департаментінде «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтуға арналған семинар өтті. Семинарда жемқорлыққа қарсы заңнама нормалары түсіндіріліп, экологиялық бақылау саласындағы қауіптерді азайту жолдары ұсынылды.
Мекеме қызметінде ішкі сараптама жүргізу үшін үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз сарапшыларды тарту қажеттілігі айтылды. Бұл қадам – экологиялық әділдікті қамтамасыз етудің және қоғам сенімін арттырудың тиімді жолы ретінде бағаланды.
Болашақ мамандармен жұмыс: Саналы ұрпақ — адал қоғам кепілі
24 маусымда өткен ашық есік күні аясында жоғары оқу орындары мен колледж студенттері Департамент қызметімен танысты. Студенттерге құқық қорғау саласындағы жұмыс талаптары, әдеп кодексі және антына адал болудың маңыздылығы туралы мәлімет берілді. Жастардың құқықтық санасын арттыру – болашақта жемқорлыққа қарсы берік иммунитет қалыптастырудың басты тетігі.
Сондай-ақ, барлық қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен азаматтық белсенділік туралы ақпарат берілген брошюралар таратылып, 1424 байланыс орталығының жұмысы таныстырылды.
Жемқорлықпен күрес – бір жолғы акция емес, бұл – үздіксіз жүретін, көпжақты, қоғамды түгел қамтитын ұзақ мерзімді жұмыс. Шымкент қаласында атқарылып жатқан мұндай іс-шаралар – сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың жарқын көрінісі. Заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарын ұстанатын қоғамда ғана өркендеу мен тұрақтылық орнайды.
Жалпы, Ұлттық академиялық кітапханада мәдени-этикалық құндылықтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатпен біріктіруге арналған «Әділ қоғам» атты жаңа отандық жоба салтанатты жағдайда таныстырылды.
Ұйымдастырушылар – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет министрлігі. Іс-шараға Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали, Мәдениет министрі Аида Балаева, еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері, қоғам қайраткерлері, депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Аумақтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменттерінің басшылығы, облыс әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік мәдениет ұйымдарының директорлары мен қоғам қайраткерлері жұмылдырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы Асхат Жұмағали алғы сөзінде Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» идеологиясымен үйлесетін бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды.
«Әділ қоғам» жобасы барлық салада әлеуметтік-бағдарланған, рухани-адамгершілік және отансүйгіштікке бағытталған мәдени өнімнің тиімді тетігіне айналуы тиіс», — деп атап өтті А.Жұмағали.
Жоба ЮНЕСКО халықаралық ұйымының қолдауымен жүзеге асырылуда және кино, анимация, бейнелеу өнері, театр, музыка, әдебиет және шығармашылықтың басқа да түрлері арқылы тұрақты адалдық пен әділдік мәдениетін дамытуға бағытталған.
Жоба үйлестірушісі ретінде Шымкент қаласынан Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры, ақын Анар Жаппарқұлова анықталды.
«Әділ қоғам» кеңсесінің жыл соңына дейін жұмыс жоспары бекітіліп, оны жүзеге асыруға қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының майталмандары, ғалымдар, жазушылар, ақындар, теологтар, халық өнерпаздары жұмылдырылады.