Естеріңізде болса 26 қазан Астана қаласында «Қазақстан Барысы» XIII Республикалық турнирі өткен болатын. «Түйе балуан» салмақ дәрежесінде бақ сынаған жерлесіміз Ерсұлтан Мұзаппаров талайларды таңдай қақтырып топ жарған еді. Күмісті кеудесіне асынған жауынгерді жанкүйерлері салтанатты түрде құрмет көрсетіп, күтіп алды.
Турнирдегі 4 кездесуде жеңіске жетіп, 95 келіде белдескен Ерсұлтан Мұзаппаров финалдық кезеңге жолдама алды. Ақтық сында 160 келідегі Абай облысының азулы балуанынан айласын асыру мүмкін болмағанын айтады.
«- Менің көңіл күйім өте жақсы. Бәсекеде қолдау білдіріп, қазір күтіп алып жатқан барлық жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Бұл мен үшін көптен күткен жүлде болды. Келесі жолы қаламызға алтын белбеуді алып келемін деген ойдамын. Сол үшін тыңғылықты жұмыс жасаймыз. Осы сәтті пайдалана отырып туған туыстарыма, достарыма, ата-анама және бапкеріме көп рахмет айтқым келеді. Барлығы мені жүлдемен құттықтап, тілеулес болып, жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Мен турнирдегі 4 кездесуде жеңіске жетіп, ақтық кезеңге жолдама алдым. Ал финалдық бәсекеде өкінішке орай Абай облысының балуанына есе жібердім. Турнирдегі барлық кездесу оңай болған жоқ. Ал, финалда салмақ жетіспегенін қатты байқадым. Қарсыласым 160 келі болса, менің салмағым 95 келі. Алдағы уақытта кемшіліктермен жұмыс жасап, жеңіске жетемін деген сенімдемін.» — деді, «Қазақстан Барысы» ХІІІ Республикалық турнирінің күміс жүлдегері Ерсұлтан Мұзаппаров.
Салтанатты күтіп алу рәсіміне шаһардағы спорт мектебінің басшылары, туыстары, бауырлары және жанкүйерлері қатысып, зор қошеметпен қарсы алды. Бұқара халыққа ұлттық спорт түрлерін насихаттау, жастар арасында республиканың мықты балуандарын іріктеу мақсатында ұйымдастырылған турнирге жалпы 42 балуан жолдама алған. Оның ішінде Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының спортшыларын жарыс жолынан шығарған Ерсұлтан финалдық кезеңге жолдама алды. Ал, спортшының жеке бапкері ақтық сында салмақ дәрежесіне қарамастан намысты қолдан бермей, өте шеберлі белдескенін айтады.
«- Біздің Ерсұлтанның қарым-қабілеті өте жоғары. Дегенмен, салмақ дәрежесіне келсек «Түйе» балуанға жатпайды. Финалда әлем кубогының иегерімен кездестік. Одан бөлек «Қазақстан Барысы» турнирінде 2 рет топ жарып, 2-ші орын иеленген. Салмағы 160 келі. Көп қиындықтар тудырғаны рас. Бірақ бұл турнирге тыңғылықты дайындалдық. Соның нәтижесінде көптен күткен күміс жүлдеге қол жеткіздік. Соңғы жүлдені 2014 жылы Жұманазар Ерсұлтанов деген балуан алған болатын. Одан соң араға 10 жыл салып осы жүлдеге қол жеткіздік. Біз бұл жетістік үшін көп еңбектендік. 7-ші қараша күні Қазақ күресінен республикалық чемпионат бастау алады. Одан соң Индияда әлем чемпионаты болады. Екі турнирде де топ жару үшін аянбай еңбектенеміз» — деді, Ерсұлтан Мұзаппаровтың жеке бапкері Нұржан Әбуұлы.
Айта кетейік, бұған дейін Ерсұлтан Мұзаппаров 2017 жылы Әлем Чемпионатының жеңімпазы болса, 2018 жылы «Әлем Барысы» сайысында ел қоржынына күмістен алқа таққан болатын. Ал, ағымдағы жылы Қазақ күресінен Индияда өтетін байрақты бәсекеде бақ сынамақ.