Азаттықтың айғағы болған мереке қарсаңында Түркістанда бірқатар нысандар қолданысқа берілді. Осыған дейін бірнеше мектепке барып, табан тоздырған Баянауылдың балалары үшін 600 орындық мектеп ашылды. Ал, облыс орталығындағы 260 жанұя жаңа баспанасының кілтін алды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі 200 азамат заманауи үлгіде салынған жаңа орталыққа ауысты. Маңызды күндегі мыңдаған жанның қуанышы жайлы толығырақ алдағы сюжетте.
Бұған дейін Баянауыл елді мекенінде мектеп болмағандықтан осы аумақтағы оқушылар №17, №21, №27 мектептерге қатынап оқыған болатын. Енді ол мәселе шешімін тапты. Облыс орталығындағы білім ұясының құрылысы 2023 жылы басталып, биыл аяқталды. Жаңа мектепке аталған білім ұяларынан ұстаздар мен оқушылар ауысады деп күтілуде. Сонымен қатар ата-аналар көрші ауылдардағы балаларын да осы мектепке оқытуға ниетті. Мөлтек ауданданың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар. №35 мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, ұстаздарды, оқушыларды және ата-аналарды құттықтады.
Оқушыларға есігі айқара ашылған жаңа №35 жалпы орта мектебі оқу кабинеттері және қажетті құралдармен қамтылған. Білім алуға толық жағдай бар. Көптен күткен сәттің келіп жеткеніне елді мекен халқы алғыс білдірді.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы орта білім беру мектептерінің саны 1055 болса, ондағы оқушылар саны 519 мыңнан асты. Екі жыл көлемінде облыста 50 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.
Республика күні қарсаңындағы келесі қуаныш – «Самғау» оңалту орталығында болды. Сауран ауданынан салынған әлеуметтік орталық 200 адамға арналған. Мемлекет басшысы «Мүгедектігі бар азаматтарға жүйелі қолдау көрсету прогрессивті және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды үнемі жетілдіріп отыруымыз керек» деген сөзін назарға ала отырып ашылған нысан облыстағы әлеуметтік оңалту қызметіне мұқтаж 40 мың азаматтың біршамасына көмек береді. Жалпы аймақта 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрса, ол облыс халқының 5%-ын құрайды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Дархан Сатыбалды қатысып, ақ жарма тілегін жеткізді.
Қонақтар да өз кезегінде «Самғау» оңалту орталығын «ізгілік пен мейірімділіктің ордасына», «қамқорлық пен жанашырлық орталығына», «жүректерге жылулық пен үміт сыйлайтын мекенге» теңеді. Бұл жер – тек физикалық түрде қалпына келтіруге ғана емес, рухани күш-жігер жинауға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталғанын тілге тиек етті. Ізінше орталықтың лентасы қиылып, келушілер «Самғау» оңалту орталығының ғимаратымен танысты. Оранғай ауылында орналасқан орталыұ — 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арналған. Оңалту орталығының құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Құрылысқа 2,5 миллиард теңге жұмсалып, заманауи оңалту құрылғыларымен жабдықталып отыр.
Орталық — денені қалпына келтіру және стресс пен психосоматикалық ауруларды жеңуге арналған релаксацияның кешенді процедураларын ұсынады. Жартылай стационарлық оңалту орталығының қызметі арнаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарға 6 айға дейінгі мерзімге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған. Айта кетейік, жаңа орталық бір айдың ішінде бір мезгілде 200 адамға оңалту қызметін көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз жыл сайын 2,5 мыңға жуық мүгедектігі азамат жыл бойына жоғары сапалы арнаулы әлеуметтік қызмет алу мүмкіндігіне ие болады.
Баспана. Бүгінгі күннің актуалды мәселесімен кезек күтіп жүрген 260 отбасы мерекеде баспаналы болды. Дархан Амангелдіұлы тұрғын үй иелерінің қуанышын көріп, пәтер кілтін табыстауға келді.
Бір ғана талап- ауланы таза ұстауды сұраған әкім үй иелеріне кілтін берді. Тұрғындар облыс басшысымен естелік суретке түсіп, жылдар бойы күткен пәтерін көруге асықты. Баспаналы болу бақытын көрген 260 отбасының 123-і көпбалалы отбасылар, 129 халықтың «әлеуметтік жағынан әлсіз топтары» санатына енетін азаматтар және 8 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде баспанаға мұқтаж 16 515 азамат тұр. Жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында кезекте тұрған 222 отбасы арендалық баспанамен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар жыл соңына дейін кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 1728 пәтерлі 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмысты тоқтатпаймыз деген облыс басшысына халық бата беріп, аймақтың дамып, көркею бағытындағы істеріне тілектес екенін жеткізді.