Қала әкімі Тұран тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Аудан тұрғындары жолдарды асфальттеу, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, газ, кәріз жүйелерін жүргізу жоспарларын сұрады. Сондай-ақ, шалғай көшелерге бейнебақылау камераларын, жол белгілерін, бағдаршамдарды және жарықтандыру жүйелерін орнату қажеттілігі көтерілді.
Кездесу барысында автобус аялдамаларының сапасына және қоғамдық көлік қозғалысының кестесіне шағымдар айтылды. Барлық мәселелер назарға алынып, тиімді шешімдер қабылдауда нақты тапсырмалар берілді.
Жер учаскелерін заңдастыру, көшелерді көгалдандыру, жолдар мен спорт алаңдарын салу сұрақтары да қарастырылды. Тұрғындар қоғамдық көліктер мен кәсіпкерлік нысандарының жұмысына қатысты ұсыныстарын білдірді.Мегаполис басшысы мен сала басшылары кей мәселелерді сол жерде шұғыл шешті. Күрделі мәселелер бақылауға алынып, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдері мен басқарма басшыларына қала тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуде жедел және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Қала әкімі бірінші кезекте барлық шаралар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.