Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі мен құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында отбасының маңызына тоқталып өткен еді. Осы орайда қаламызда «Ұлт тірегі – Отбасы» тақырыбында арнайы кездесу өтті.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының “Жастар ресурстық орталығы”ұйымдастыруымен «Ұлт тірегі – Отбасы» тақырыбы аясында Ө.Жәнібеков атындағы педагогикалық университеттің жастары Шымкент қаласының әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен кездесті. Іс-шараның мақсаты – жас буынға отбасы институтының қоғамдағы маңыздылығын түсіндіру, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ отбасы саясатының негізгі бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Кездесуге Назарбаев университетінің профессоры, «InterPress Ih» халықаралық тілдер орталығының директоры Ардақжан Жакенова, Аналар кеңесінің төрайымы – Гүлжан Сүгірбаева және Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айғаным Мұхтарқызы қатысты. Спикерлер отбасының қоғамдағы рөліне тоқталып, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар отбасылық мәселелердің түрлі аспектілерін талқылап, жастарға қажетті кеңестер берді. Студенттер өздерінің қызықтырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды. Іс-шараның қорытындысында жастар отбасы құндылықтарының нығаюы мен болашақ ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие берудің маңызын терең түсініп, мұндай кездесулердің тұрақты түрде өткізілуінің маңыздылығын атап өтті. Айта кетейік, бұл іс-шара шаһарымызда желтоқсан айына дейін жалғасатын болады.