Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Әлемнің 67 мемлекеті көз тіккен байрақты бәсекеге мегаполистен 3 спортшы аттанған еді. Сабина Юлдашбекова мен Тасним Абдуали жеңіліске ұшыраса, 19 жастағы Талғат Орынбасар топ жарған болатын. Мегаполис әуежайында спортшыны салтанатты күтіп алу рәсімі өтті.
Салтанатты күтіп алу рәсіміне спортшының ата анасы, туыстары, қала тұрғындары, спорт басқармасының басшысы қатысты. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына 67 мемлекеттен 531 спортшы келген. 60 келіге дейінгі салмақта 19 жастағы отандық спортшы Талғат Орынбасар бақ сынаған болатын. Ол әзірбайжандық Низами Имрановты қапы қалдырып, қола жүлдені қоржына байлады.
Ал, Талғаттың әкесі де спорттан алыс емес. Құралбай Орынбасар самбодан Азия және Еуропа чемпионы. Спортқа бейім ұлына жан-жақты қолдау көрсетіп, бар күш жігерін жұмсап жатқанын айтады.
Талғат Орынбасар Азия чемпионаттарының 3 дүркін жеңімпазы және әлем чемпионаттарының 3 дүркін жүлдегері. Душанбеде өткен байрақты бәсекедегі 5 кездесудің 4-ін өз еншісіне жазды. Сербия, Қырғызстан, Италия, Тәжікстан елінің дзюдосшыларын айқын басымдылықпен ұтып, жүлделі 3-ші орынды иеленді.
Айта кетейік, Талғат енді ересектер арасында бақ сынауға ниетті. Қараша айында Ақтөбе облысында өтетін ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында қатысады.