Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты. Білім беру ісіндегі үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды.
Марапатталғандар қатарында Шымкенттегі З. Космодемьянская атындағы №23 мектеп директоры Жанар Тойлыбаева бар.
Жанар Тойлыбаева 2006 жылдан бері аталмыш білім ұясын басқарып келеді. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін үздік бітіріп, жеті жылдан астам Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Жанар Жорақызы 2002 жылы Шымкент қаласына қоныс аударып, №23 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, оқу-тәрбие ісі жөніндегі бас мұғалім болып кәсіби қызметін жалғастырып, 2006 жылы директор болып тағайындалды. Ж.Д. Тойлыбаева жоғары кәсіби құзіреттілігімен, ағымдағы және келешегі бар білім беру мәселелерін шешуге ұжымды шабыттандыра және жұмылдыра білуімен ерекшеленеді. 2011 жылы Жанар Жорақызы облыстық «Үздік білім беру менеджері» байқауының Бас жүлдесін иеленіп, осы байқаудың республикалық кезеңінде екінші орынды жеңіп алды. Ж.Д . Тойлыбаева жетекшілігімен құрылған мектеп-лицей ұжымында, оқу қызметінің тиімді түрлеріне шығармашылық ізденіс атмосферасы қалыптасқан. Арасында түрлі кәсіби байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар мекеме ұстаздары оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің авторлары болып, 2010-2020 жылдарға арналған «Ынтымақтастық педагогикасына негізделген тұлғаға бағытталған оқыту» ғылыми-әдістемелік тақырыбындағы тұжырымдамада және оқу орнының стратегиялық даму бағдарламасында белгіленген міндеттерді табысты шешуде. Бүгінгі таңда білім ордасы Шымкент қаласындағы үздіктердің бірі. Мұнда қаланың үш мыңдай балалары мен жасөспірімдері орыс тілінде және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда оқиды. Лицейдің білім беру кеңістігі үйлесімді түрде информатика бағыттары бойынша бейіндік дайындық, кәсіби және қосымша оқыту бағдарламаларын қамтиды.
Мұнда сегізінші сыныптан бастап физика-математикалық, химия-биологиялық, географиялық-математикалық, жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық циклдердің пәндері тереңдетілген деңгейде оқытылады. Лицейдегі оқу үдерісін жетілдіруге Санкт-Петербург жаңа ақпараттық технологиялар университетімен және ОҚМУ-дың мамандандырылған кафедраларымен ынтымақтастық ықпал етуде.
Президент еліміздегі оқу-ағарту саласын дамыту жолында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.