Сынып жетекшісі – мектеп оқушыларын оқыту, тәрбиелеу және басқа да іс-әрекеттерін үйлестіретін мұғалім. Ол сыныптағы әрбір балаға жауапты, олардың үлгерімін, ынтасын, психологиялық және физикалық жағдайын бақылайды. Яғни, бір сөзбен айтқанда сынып жетекшісі, оқушының екінші анасы іспеттес.
№89 IT лицейі базасында жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтері арасында педагогикалық шеберлікті арттыру, тәрбие жұмысының тиімді тәжірибелерін, әдістерін, технологияларын анықтау, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырудағы инновациялық озық тәжірибені тарату мақсатында республикалық «Үздік сынып жетекші — 2024» байқауының қалалық кезеңі өтті.
56 білім беру мекемесінен қатысқан сынып жетекшілердің жұмыстары байқау ережесінің — педагогтің педагогикалық идеялары туралы және ата-аналармен ынтымақтастық критерийлеріне сәйкес бағаланды.
Қатысушылар өздерінің педагогикалық идеяларының маңыздылығын, жаңашылдығын, басқа әдіс-тәсілдерден ерекшелігін көрсетумен қатар, балаларды тәрбиелеу, дамыту және оқыту мәселелерінде ата-аналарға қолдау көрсетуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастырудың тиімді жолдарын көрсетті.
Байқау нәтижесі бойынша республикалық кезеңге өткен үміткерлер анықталды:
1 орын — №130 жоббм Бейсеева М., 2 орын — №89 IT лицейі Конспаева Ж., №137 жоббм Тұрсынбай А., 3 орын – Макаренко атындағы №41 м/л Құрмашова А., №14 жоббм Абдурахманова Д., №1 мамандандырылған IT лицей-интернаты Жолдасова А.
Тәрбие жұмысын ұйымдастыруда шығармашылық ізденісін жоғары деңгейде көрсеткен басқа да педагогтер «Жаңашыл сынып жетекші», «Көшбасшы сынып жетекші», «Дарынды сынып жетекші», «Ізденімпаз сынып жетекші» номинациялы дипломдары және алғыс хаттармен марапатталды.