Ұлы даланы мекендеп, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған 130-дан астам ұлт өкілдерінің Отаны – Қазақстан. Олардың ұлты басқа болғанымен, жүрегі бір, тілі басқа болғанымен, тілегі бір. Өңірімізде де бұл бағыттағы ғибратты істерді көп кездестіруге болады. Біз мұны «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне арналған «Қазақ тілі —ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форумына қатысқанымызда аңғардық.
Форумда тілінің қолдану аясын кеңейту туралы ұсыныстарын ортаға салды. Мемлекет тарапынан қазақ тілінің қолданыс кеңістігін кеңейтуге жағдай жасалып жатыр. Қазақ тілін үйреніп жүргендердің саны да жылдан жылға көбейіп келеді, олардың арасында өзге ұлт өкілдері де баршылық.
Республикада 111 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, онда ересектерге қазақ тілі тегін оқытылады.
«Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгермеген отандастарымызға қысым жасауға болмайтынын да ескертті. Президент қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек деп санайды.