Еліміз тәуелсіздік алған сәтте әлемдегі көп ұлтты, көп дінді мемлекеттердің біріне айналды. Қазақстан — жүздеген этнос пен оннан астам дін өкілін құшағына сыйдырып, бауырына басқан зайырлы мемлекет. Діндер арасындағы татулық пен тұрақтылық — еліміздің экономикасы мен әлеуметтік ахуалына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Ендеше, елімізде және облыста діни тұрақтылық пен татулықты сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
«Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты форумға ассамблея мүшелері, дін өкілдері мен жастар бас біріктірді. Басты мақсат өскелең ұрпаққа Рухани келісім күнінің маңызы мен мазмұнын түсіндіру. Себебі елімізде алдағы 20-30 жылға нақтыланған стратегиялық жоспарларға қол жеткізетін де осы жас ұрпақ. Ұйымдастырушылар аймағымызды ата мекен санаған 100 ден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағының маңыздылығына тоқталды.
Бүгін Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында діни және этномәдени бірлестіктердің қатысуымен семинар өтті. Конституция күні қарсаңында өткен семинар еркін, сұрақ-жауап форматында өтіп, қатысушылардың ұсыныс, тілектері тыңдалды.