Астана, 2024 жылғы 22 тамыз – «Kazakh Invest» ҰК» АҚ алаңында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов және Kazakh Invest басқарма төрағасы Ержан Елекеев «Carlsberg Kazakhstan» президенті Вячеслав Мальцевпен кездесу өткізіп, оның барысында тараптар компанияның Қазақстан мен Орталық Азиядағы қызметін кеңейту жөніндегі жоспарларын талқылады, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
В. Мальцев қазақстандық өкілдерге Carlsberg Kazakhstan компаниясының алкогольсіз сусындар өндірісі бойынша жаңа перспективалық жобасы туралы айтып берді. Компания Қазақстанға жергілікті және шетелдік нарықтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді инвестицияларды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру үшін Carlsberg Алматы, Түркістан облыстарын, сондай-ақ Шымкент қаласын қарастыруда.
Қазіргі уақытта компания аймаққа инвестицияларды келісудің соңғы кезеңінде және жобаны бастау мен іске асыру процесін жеделдету үшін сүйемелдеу мен көмекке мұқтаж.
Ә. Қуантыров инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары мен елдің инвестициялық ахуалы туралы хабардар етті:
«Біз барлық инвесторларымызды қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанда инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау. Осыған байланысты біз Сізге ағымдағы мәселелерді шешуде және басқа да кедергілерді жоюда барлық қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз».