Ақыл-ойды дамытқыңыз келсе, интеллектуалды ойындарға бейім болыңыз. Шаһарда жастар күніне орай “Just quiz” сайысы өтті. Шара қатысушылардың қызығушылығын тудырып, түрлі саладағы сұрақтар арқылы білімін тексерді. Жарыс соңында кім мықты екенін анықтап, жасөспірімдер бағалы сыйлықтармен марапатталды.Сайыс қызықты әрі тартысты болды. «Just quiz» интеллектуалды жарыста жастар 4 топқа бөлініп, түрлі логикалық сұрақтарға жауап беріп, сондай-ақ қызықты кезеңдерде бақ сынасты. Тартысты бәсеке Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өтті. Басты мақсат – қала жастарының зияткерлік қабілеттері мен білімі және біліктілігі арқылы ой-өрісін дамыту, ұшқырлық, ойлау қабілетін шыңдау, шапшаңдық пен нақтылыққа бейімдеу.
Әрбір топтың мүшелері өздерінің ұжымдық жұмыс істеу дағдыларын көрсетті, бұл сайыс олардың бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеуін және күрделі мәселелерді шешудегі қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді. Айта кетейік, 2024 жылы Халықаралық жастар күнін мерекелеу елімізде 3-12 тамыз аралығында өтіп келеді. Ал мегаполисте “Жастармен бірге!” ұлттық онкүндік шеңберінде 10 бағыт бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.