Қазақ халқының рухани өмірі мен музыкалық мәдениетінде Шәмші Қалдаяқовтың алатын орны ерекше. Аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитордың туғанына биыл – 94 жыл. Тума таланттың мерейтойы қарсаңында бірқатар өнер адамы композитордың ғұмыры мен шығармашылығы жайында сыр шертті.
Ш.Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соны леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы.
40 жылдан астам шығармашылық қызметінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал, 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағы берілді.
Сондай-ақ, осы мерекеге орай бір топ өнер адамдары Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі сазгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Олар Шәмші ескерткіші алдында Қалдаяқов әндерінен попури орындап, естеліктер айтты. Бүгін қалада Қалдаяқовтың 94 жылдығына арналған “Әнім сен едің» гала-концерті өтеді. Мерекелік іс-шараға қаламызға танымал жұлдыздар мен жергілікті өнерпаздар қатысады деп жоспарлануда. қазақ вальсі королінің халыққа кеңінен танылған «Ана туралы жыр», «Ақ маңдайлым», «Теріскей», «Бақыт құшағында», «Өмір-өзен», «Сыған серенадасы», «Кешікпей келем деп ең», «Қайықта», «Дүнген қыз», «Құшақ жайған қандай адам», «Отырардағы той» сынды шығармалары орындалады. Айта кетейік, Шымкент қаласында композитордың атында көшеден басқа филармония мен саябақ бар.