10 тамызда қазақстандықтар дәстүрлі түрде Абай күнін атап өтеді. Биыл ұлы ақын, ойшыл және философ Абай Құнанбаевтың туғанына 179 жыл толады. Осы мерекеге орай «Абай әлемі» қалалық байқауы өтті. Қала тұрғындары арасында жыл сайын дәстүрге айналған «Абай әлемі» байқауына биыл 200-ге жуық адам қатысты. Байқаудың шарты бойынша көп қаралым жинап ІІ-кезеңге өткен 30 қатысушы өзара сынға түседі.
Байқауда Абай Құнанбайұлының мән-мағынаға толы ғақлияларынан, адамға ой саларлық шығармаларынан, қазақ халқының сезім-сыры мен арман-тілегіне толы өлеңдерінен сыр шертілді. Оқушылар тек қана ұлы ақынның өлеңдерін жаттап қана қоймай, бойына сіңіріп, дарыта білді.
Байқау қатысушыларының жұмысы мен жеңімпаздарын абайтанушы ғалымдар мен тіл жанашырларынан тұратын қазылар алқасы бағалап, анықтады. Оларды диплом, алғыс хаттар және ірі көлемдегі ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
2020 жылы ұлы ойшылдың 175 жылдығы қарсаңында Қазақстанда жаңа мереке – Абай Күні бекітілді. Мерекеге орай демалыс күні берілмейді.
Абай Құнанбаевтың шығармашылығына орай Қазақстанда 500-ден астам іс-шара жоспарланған. Мерекелер қалалар мен облыс орталықтарындағы Абай ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталады.