Мәдениеттіліктің бастауы – тазалықта. Мегаполисте Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Игі істер марафоны» атты тазалық акциясы жүргізілді. Экологиялық апта аясында Қаратау ауданында орналасқан Нұрсәт аллеясында бір топ еріктілердің қатысуымен аталған шара жалғасын тапты.
Таза қаланың тынысы әрдайым кең болады. Ал қаламыздың қай кез болсын мұнтаздай болып тұруына тазалақшылардың еңбегі басым екені анық. Дегенмен, дәстүрге айналған тазалық жұмыстарына 20-ға жуық ерікті жастар және жастар ресурстық орталығының қызметкерлері өзіндік үлесін қосуда. Басты мақсат – жастарды ізеттілікке, парасаттылыққа баулу және де бәрімізге ортақ қаламыздың тазалығы мен мәдениеттілігін сақтай отырып, осы игі іс-шараны жастар арасында насихаттау.Ерікті жастар саябақта ағаштарды әктеу жұмыстары мен шашылған қоқыстарды жинау, ағаштарды ретке келтіру және ескерткіштерді жуу жұмыстарын жүргізді. «Игі істер марафоны» атты тазалық акциясы бұнымен аяқталған жоқ. Ендігі экологиялық акция тарихи орындарда жалғасын табатын болады. Еске сала кетейік, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, көгалдандыру және тазарту жұмыстары жыл соңына дейінгі іс-шара жоспары болып бекітілген.