Елімізде энергетикалық сусындардың саудасы жүріп тұр. Әсіресе аптап ыстықта газдалған салқын суларға сұраныс 2 есеге артады. Жас пен жасамыс шаршағанымды басамын, жұмыс өнімділігімді арттырамын деп өне бойын улайтын өнімге әуестеніп барады. Шынында сергіткіш сусыннан денсаулығыңызға төнетін қауіп көп.
Күніне энергетиктің 3-4 данасын ішкен адамның жүрегі жарылып кетуі мүмкін. Дәрігерлер қорқынышты жаңалық ашты. Жастардың көбі энергетикалық сусынға тәуелді болып алған. Кесірінен ашушаң, агрессивті, күйзеліске тез түскіш. Баяғыда кәрілер ғана шалдығатын жүрек аурулары мен қант диабеті жастар арасында белең алды. Тіпті жаңа туған нәрестелер де осындай аурулармен туылуда. Себеп анасы балаға жүкті кезінде газдалған суларды көп тұтынған. Сондықтан мамандар газды судың зиянын жіпке тізіп айтып, тәтті сусындарды тұтынбаңыздар деп кеңес беруде.
Жарнамасы жер жаратын сусындар әсіресе жастар арасында танымал. Қазір де мектеп оқушылары мен студенттер күні бойы сергек жүру үшін аталмыш сусынды тұтынуды әдетке айналдырған. Алайда оның деннің саулығына да келтірер зияны аз емес.
Энергетикалық сусындарды пайдадану артериялық гипертензияға, бас сақинасына және асқазан ішек жолдарының бұзылуына әкелуі мүмкін. Ал өндірушілер жарнама арқылы бұл ғажайып сусындар күшіңізді тасытып, зейініңізді арттырып, күні бойы сергек жүруіңізге себеп болады дейді. Десек те сәнге айналған бұл тағам түрін сатып аларда да мұхият болған жөн.