Шымкент қаласы аумағында қылмыстардың жалпы саны 27,1 пайызға төмендеп, қылмыстың тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 25,9 % азайған. Бұл туралы сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың үшінші мегаполиске жұмыс сапары аясында Полиция департаментінің қызметкерлерімен кездесуде айтылды. Шымкент қаласы аумағында қоғамдық-саяси жағдай тұрақталып, қабылданған шаралардың нәтижесінде криминогендік жағдай бір қалыпты. Сенат депутаты тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам саудасы, ойын бизнесі, вандализм, есірткеге қатысты заңдарға бірқатар нормалар енгізілгенін айтты. Сенатордың айтуына сүйенсек әлі қабылданып үлгермеген заң бар деседі. Нақтырақ айтсақ, енді мопед айдаушылар да жүргізуші куәлігін алуы керек.
Кездесуге Полиция департаментінің басшылық құрамы, ардагерлер мен жастар қатысты. Жиында қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды талқылап, мамандардың ұсыныстарын тыңдады. Сенат депутаты азаматтардың ішкі істер органдарына сенімін арттыруда департаменттің жұмысы ауқымды екенін атап өтті. Айта кетейік, «Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасы 5 ауданда құрылған. Ведомствоаралық топтар тексеру өткізіп, проблемалық аумақтарды анықтау жұмыстары жүргізілген. Жиында қызметтің сапасын жақсартуда бірқатар ұсыныстар айтылды.