Балаларды бақытқа бөлеген теміржол. Шаһардағы балалар теміржолының іске қосылуы Халықаралық балалар жылына сәйкес келді. БҰҰ 1959 жылы балалар құқығына қатысты декларация қабылдады. Бала құқықтары декларациясының қабылдануының 20 жылдығында БҰҰ 1979 жылды Халықаралық балалар жылы деп жариялады. Бұл балалардың, әсіресе дамушы елдердегі жас жеткіншектердің мәселесін түсінуге ықпал етуге арналды.
Алғашқы пойыз 1980 жылы ақпанда жолға шықты, сол жылдың мамыр айында теміржол тұрақты жұмыс істей бастады. Мамыр мен қыркүйек аралығында оны 176 мың жолаушы пайдаланды. Трассаның биіктігі күрделі құрылымды: көпірден өткеннен кейін екі тік бұрылыспен және ұзындығы 25 метрге жуық туннельмен екі шақырымға жуық еңістен тұрады. Локомотивті жөндеу мәселелеріне байланысты балалар теміржолы бірнеше рет жабылуға мәжбүр болды. Осы мәселені қоғам белсенділері, «Айғақ» телеарнасы бір емес, бірнеше рет көтерген болатын. Мәселе оң нәтиже беріп, балалар темір жолы жаңа серуен аумағына айналып жатыр. А.Асқаров атындағы Дендросаябақ пен Қ.Мұңайтпасов стадионын байланыстырып тұрған балалар темір жолы енді демалыс орны болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жөндеу жұмыстарымен танысып, 6 шақырымды самокатпен жүріп өтті.
Жобаға сай екі станса орны кәсіпкерлерге беріліп, 120 адамдық сыйымдылығы бар заманауи кофеханалар ашылады. Жергілікті БАҚ өкілдері нысанның архитектурасымен танысты. Ал, ескі локомотив естелік ретінде сақталмақ. Жасалып жатқан жұмыстарға жылдам әрі тиянақты бақылау жүргізу мақсатында жауапты қызметкерлер, БАҚ өкілдері және блогерлер үшін арнайы самокат берілді. Екі станса аралығында 6 шақырымды құрайтын жол асфальтталып, жарық шамдар қойылған. Онда жүгіру және велосипед жолдары, воркаут алаңдары бар. Балалар игілігіне қосымша ойын алаңшалары салынады. Арғынбеков-Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылған. Жаңа серуен аймағында тұрғындар қауіпсіздігі үшін батырмалы бағдаршам қойылды. Ал, жол-жөнекей кездескен тұрғындар шаһар басшысына ұсыныстарын айтып, қаланы көркейтуге баса назар аударғаны үшін ризашылығын білдірді.
Шаһар басшысы ескерілуі керек әрбір нүктелерге тоқтап, жұмыстары толық аяқталмаған мекеме басшыларына міндеттер жүктеді. Дегенмен, алдағы уақытта тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жолдың екі беті қоршалып, жол бойына орындықтар қойылады. Сонымен қатар, бейнекамералар орнатылып, турполиция тәулік бойы бақылау жүргізеді. Айта кетейік, нысан қала бюджеті қаражатынан емес, демеушілер есебінен жасалынып отыр.