Шымкент қаласы Абай ауданына жаңа әкім тағайындалды. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс өткен XVIII сессиясында халық қалаулылары Сұлтанхан Шәкір Асылханұлының кандидатурасын қолдап, дауыс берді.
Шәкір Асылханұлы 1971 жылы дүниеге келген. М.Тынышпаев атындағы «Қазақ көлік және коммуникациялар» академиясын және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты.
Мемлекеттік қызметте 22 жылдан астам еңбек өтілі бар жаңа әкім бұған дейін Алматы қалалық ішкі істер органдарында, Алматы қалалық Әділет басқармасының сот орындаушысы, аға сот орындаушысы, бас маман, бөлім басшысы, Алматы облысы бойынша Әділет басқармасы және Алматы қаласы бойынша Әділет департаменті басшысының орынбасары, Тіркеу қызмет комитетінің Алматы облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығының директоры, Алматы қалалық энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасы бөлімінің басшысы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы қызметтерін атқарған.
Аталған лауазымға тағайындалғанға дейін Ш.А.Сұлтанхан ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесте төраға болған.
Мегаполистегі ірі ауданның бірі – Абай ауданына басшылық қызметке тағайындалған Шәкір Сұлтанханның алдағы жұмысына сәттілік тілеп, қаланы дамыту, әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін ұлғайту жолында табанды еңбек ете беріңіз дейміз.