Шымкент қаласында Республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне іріктеу жарысы басталды. Қала күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған жарысқа 25 балуан қатысты. Бұған дейін ел мерейін үстем етіп жүрген балуандар 90 келі мен 125 келі салмақ арасында сынға түсті.
Күш атасын танымас. Қазақ күресін дамыту мақсатында «Қазақстан барысы» турнирі 2011 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Кезекті рет ұйымдастырылған іріктеу сайысында 25 түйе палуан белдесті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, спортшыларға байрақты додаларда жеңіс тіледі. Өтіп жатқан доданың жалпы мақсаты бұқара халыққа ұлттық спорт түрлерін насихаттау, жастар арасында қаламыздың мықты балуандарын іріктеу болып келеді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнирде әрбір балуан Қазақстан барысы атануға барын салды. Боз кілемде белдескен балуандар әдіс амалдарын салып, шын шеберліктерін танытты. Ақтық сынға шыққан қатысушылар Астана қаласында өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде өңіріміздің намысын қорғайтын болады. Айта кетсек, өңіріміздің қазақ күресінен қала спортшылары 2017 жылы Ыстыбаев Әділжан мен Музаппаров Ерсұлтан әлем чемпионатының жеңімпаздары болса, 2018 жылы Музаппаров Ерсұлтан «Әлем Барысы» сайысында ел қоржынына ақтық сынға шығып күмістен алқа таққан болатын.