Шымкентте биыл Құрбан айт мейрамы ерекше атап өтіледі. ҚМДБ қала әкімдігімен бірлесіп тұрғындар мен қонақтар үшін «Балаларға базарлық», «QURBAN AIT FEST» мерекелік шараларын ұйымдастырмақ. Бұл туралы Шымкент қаласының бас имамы баспасөз брифингте мәлімдеді. Бұдан бөлек айт күні мегаполисте қоғамдық көліктер тегін қызмет етеді.
ҚМДБ мәлімдемесіне сай Құрбан айт мейрамы 16 маусым күні, ал, мегаполисте айт намазы таңғы 6-да оқылады. Мұсылман қауымын мейірімділік пен бірлікке үндейтін мереке биыл кең көлемде атап өтіледі. Мұхамеджан Естеміровтың айтуынша, айт күні құрбан шалып қана қоймай, көпшілікке көңіл-күй сыйлау мақсатында көптеген бастамалар жоспарлануда.
Сонымен қатар, мұсылман қауымының ұлық мерекесінде зекет бере алатын шамадағы адамдар құрбандық малын шалу міндетті. Жұмыс сапарымен жүрген адамдар үшін қашықтан qurban2024.kz сайты қызмет көрсетеді. Оған кез келген өңірде жүрген ел азаматтары тіркеліп, онлайн қызметте құрбан шала алады. Онлайн берген зекет мегаполистегі мешіттерге тіркелген әлеуеті төмен отбасылар, көп балалы ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандарға тізім бойынша таратылады.
Айта кетейік, құрбан айт мейрамы кең көлемде атап өтілу мақсатында Наурыз алаңы, Арбат алаңы, Есжанұлы Сейітжан қари мешітінде «QURBAN AIT FEST» мерекелік шарасы өтеді. Онда дәстүрлі әндер насихатталып, спорттық сайыстар ұйымдастырылады. Ал, қаланың барлық мешіттерінде рухани іс-шаралар мен «Балаларға базарлық» акциясы жоспарлануда.