Қазақстанның әр аймағында Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі тойланып жатыр. Жалпы, ел бойынша жүзге жуық іс-шара өтеді.
Мерекеге орай, Геральдикалық зерттеулер орталығы мен музыкалық жас көрермен театры бірлесіп, «Рәміздерім – Тәуелсіздік бойтұмары!» атты жас суретшілер көрмесін өткізді. Суреттерді сөйлеткен қылқалам шеберлері «Отанымның туы», «Көк тудың желбірегені», «Жайнай бер, Елтаңба», «Қазақстан – бейбітшілік елі», «Туымыздың қанатында», «Қазақстан әуені», «Рәміздер – өшпейтін мұра» сынды түрлі атаулармен өз туындыларын ұсынды.
Сондай-ақ геральдист мамандар мен жас ғалымдардың қатысуымен Мемлекеттік рәміздер және геральдика саласындағы мемлекеттік саясат туралы еркін форматта кездесу өтті. Жиында мемлекеттік рәміздерді насихаттаудағы жаңа көзқарастар кеңінен талқыланды.
ҚР Ұлттық Музейінде мектеп оқушыларының қатысуымен «Рәмізге құрмет – ұрпаққа міндет» атты танымдық экскурсия өтті. Іс-шараға ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, профессор Жандарбек Мәлібеков, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филилогия ғылымдарының докторы Серік Негимов қатысты.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде студенттер арасында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін коммерциялық мақсатта пайдалану оның мағынасы мен символдық құндылығы» тақырыбында дебат өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі