Жол құрылысы маусымы аясында министр Марат Қарабаев бастаған көлік министрлігінің өкілдері ел өңірлеріне тұрақты түрде жұмыс сапарын жүргізуде. Сала министрі жұмыс сапарымен Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласына барды. Сапар барысында министр бірқатар инфрақұрылым нысандарының құрылысымен танысты,деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысының былтыр қазан айындағы Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында берген тапсырмасына сәйкес бұл учаскедегі жұмыстар аса маңыздылыққа ие. Марат Қарабаев республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» күре жолының «Қызылорда-Сексеуіл» учаскесінде қолға алынған жұмыстарды тексерді. Қызылордадан Сексеуілге дейін қайта құру жұмыстарымен 463 шақырым жол қамтылады.
Сонымен қатар Шақпақ баба асуы арқылы өтетін елміздегі алғашқы автомобиль туннелінің құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды. «Биыл жазда Шақпақ баба асуы арқылы өтетін туннельдің құрылысын аяқтап, халыққа пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бетон және асфальтбетон жұмыстары толығымен аяқталды, сондай-ақ жарықтандыру орнатылды. Қазір бейнебақылау және газ құбырларын өткізу, желдету мен өртке қарсы құрал-жабдықтар орнату жұмыстары жүргізілуде. Басты жұмыстар аяқталды», — деп атап өтті автомобиль жолдары комитетінің өкілдері.
Ашылғалы жатқан туннель көлік жүргізушілеріне қыста Шақпақ баба асуында боранды күндері қар құрсауында қалып кетпеуіне жол ашады.