Отан қорғаушылар күні қарсаңында Әскери-теңіз күштерінің жас матростары ант қабылдады.
Биылғы көктемде Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан шақырылған 170-тен астам жас Отанына адал болуға ант берді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, әскери бөлімдердің командирлері, Әскери-теңіз күштерінің офицерлері мен старшиналары, ардагерлер, жас матростардың туыстары мен жақындары қатысты.
Әскери-теңіз базасының командирі 2 дәрежелі капитан Бауыржан Мұратұлы жас жауынгерлерге қызметте табыс тіледі. Ол сондай-ақ алыстан ат арытып келген ата-аналарға алғыс білдірді.
– Біз осы бір жауапты сәтті балаларымызбен бірге бөлісу үшін арнайы келдік. Ұлдарымыздың әскери борышын абыроймен орындап, үйлеріне аман-есен оралуын тілеймін, – деді Павлодар облысынан келген Құлзан Қалқанқызы.
Жас матростар қонақтарға қоян-қолтық ұрыс элементтері мен саптық дайындық әдістерін көрсетті.
Енді әскери теңізшілер бірнеше айға созылатын оқудан соң десанттық-шабуылдау батальонының, коменданттық ротаның және әртекті кемелер дивизионының бөлімшелеріне жіберіледі.