Жыл басынан Балқаш көлінің су деңгейі орта есеппен 15 сантиметрге көтерілді. 1 қаңтарда көлдің орташа су деңгейі 159 см болса, 1 сәуірде бұл көрсеткіш 174 см-ге жетті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл трансшекаралық Іле өзенінен үлкен көлемде су келгенін айта кеткен жөн. Осының нәтижесінде Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде су жіберу мүмкіндігі пайда болды.
Балқаш көлінің су деңгейін анықтау үшін 4 су бекетінде бақылау жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 24 сәуіріндегі жағдай бойынша Балқаш көлінің ең жоғары деңгейі Сарышаған су бекетінде тіркелді. Мұнда су деңгейі 210 см болды. Ал, көлдің ең төменгі деңгейі — 140 см, Қарақұм су бекетінде белгіленді. Ал, Балқаш бекетінде су деңгейі 177 см, Мыңарал бекетінде 167 см құрады.