Өңір басшысы қаланың экологиялық ахуалын және ішкі туризмін дамытуды қолға алған болатын. Осы ретте, шаһардағы қараусыз жатқан сайларды саябаққа айналдыру мақсатында өңірімізде «Шатқал» бағдарламасы әзірленді. Онда, Шымкенттің 16 мың га астам алқабына жасыл белдеу қалыптастыру жоспарланып отыр. Ал, бүгін Шымкентте бағдарлама аясында жаңа «Шымсая» саябағында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев капсула салу рәсіміне қатысып, алғашқы ағаштарын отырғызды. Осылайша, жаңа саябаққа «Шымсая» деп атау беріліп, аумағына 1000 түп ағаш егілді. Ал, алдағы уақытта Тассай тұрғын алабында орналасқан 25 гектарды құрайтын шатқалға 6000 дана боз шырша, емен, катальпа, ақ қайың ағаштары егілу жоспарлануда. Өңір басшысының бастамасымен қолға алынған тың жоба бойынша қаладағы 47 шатқалдың 13- і абаттандырылатын болады. Сонымен қатар, демалыс аймағында балалар алаңшасы, шахмат және дойбы алаңы, веложолдар мен театралдық сахна, полиция бөлімшесі мен спорттық жаттығу алаңдары салынып, ел игілігіне беріледі деп көзделуде. Мұнан бөлек, абаттандыру жұмыстары «Самал-3», «Нұрсәт», «Достық» шағын аудандарында жүргізілуде.