«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдама» аясында Шымкент қаласында осы жылдың тамыз айынан бастап 15 көппәтерлі тұрғын үйге модернизация жұмыстары басталған болатын.
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Жангельдин көшесі №16 бес қабатты тұрғын үйдің сыртқы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта бұл тұрғын үйдің шатыры ауыстырылып, жертөле, сыртқы қасбеті жаңарған. Қазіргі уақытта шатыр ауыстыру жұмыстарының 80% дайын. Ал ішкі кіре беріс подъезінің 20% әрлеу жұмыстары жүргізілген. Тозығы жеткен бұл үйдің жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін бітіру жоспарлануда.
Сондай-ақ, мұнан бөлек қаладағы дәл осындай күрделі жөндеу жұмыстары Күншығыс шағын ауданындағы №11,14,1 және Спорттық шағын ауданы №10, Дулати көшесі №205, Әл-Фараби көшесі №21, Асқаров көшесі №32, Республика даңғылы №26, 36А тұрғын үйлерінде де қарқынды жұмыс қолға алынған. Бұл үйлердің барлығының шатыры толығымен ауыстырылып, ал Ильяев көшесі №113/5, Әл-Фараби көшесі №21 тұрғын үйлерінің қасбеттері заманауи құрылыс материалдарымен көркемделмек. Сонымен қатар кіреберіс, канализация және су құбырларын қайта жабдықтау көзделген.
Айта кету керек, көппәтерлі тұрғын үйлердегі жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқталмақ. Жалпы 2022 жылы қаладағы 60 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өтті.
Ескерте кетейік, модернизация бойынша күрделі жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің 70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарына жазған өтінішіне сәйкес қайтарымды қаржы негізінде жүргізіледі.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасында 2029 жылға дейін тозығы жеткен 1500 тұрғын үйді бұзып, орнына көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын салу және оны үй иелеріне жаңа пәтерлерді табыстау тапсырылған.
Осыған орай Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы енгізілген.
Реновация — тозығы жеткен тұрғын үйлерді сүріп, орнына жаңа тұрғын үй салу бағдарламасы. Шымкент қаласында 2 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үй болса, соның 70%-ынан астамы Кеңес заманынан бері келе жатқан тұрғын үйлер. Қала бойынша 107 тұрғын үй ұсынылып, оның 13-і Абай ауданында, 44-і Әл-Фараби ауданында, 7-і Еңбекші ауданында және 43-і Тұран ауданында орналасқан. Тұрғын үйді бұзбас бұрын ең әуелі міндетті түрде тұрғындардың келісімі алынады. Тұрғындардың толық келісімін алған жағдайда ғана тұрғын үй сүріледі.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласы әкімдігінің жетекшілігімен тозығы жеткен үйлерге реновация бағдарламасы бастау алды.
Аталған бағдарлама аясында Еңбекші ауданындағы Безделев көшесі 72А мекенжайда орналасқан 8 пәтерлі екі қабатты ескі тұрғын үйдің орнына 7 қабатты заманауи үлгідегі 36 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда. Бүгін ескі үйдің сүрілуіне байланысты 50-ге жуық тұрғындардың көшу рәсімі болды.
Айта кетсек, бұл жоба Шымкент ӘКК сүйемелдеуімен жүргізіліп, толығымен инвестор тарапынан қаржыландырылады.