16 қыркүйек — Дүниежүзілік тазалық күні. Осыған орай шымкенттіктер «Киелі табиғат» акциясын ұйымдастырды. 250 адамды қамтыған сенбілік қала аумағындағы республикалық маңызы бар тарихи және мәдени орындарында өтті.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміздің барлық аймақтарында «Kieli Tabigat» республикалық сенбілігі басталды. Шымкенттіктер де табиғатты таза ұстауды мақсат еткен шарада белсенділік танытып, тазалықты тарихи орындардан басталды. Сайрам қалашығында ұйымдастырылған «Киелі табиғат» экологиялық акциясында блогерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар ресурстық орталығы, студенттер мен еріктілер ерекше белсенділік танытты.
Акцияның мақсаты — киелі аймақтарды тазалау, қалпына келтіру, сақтау және экологиялық мәдениетті арттыру болып табылады. Мемлекет басшысы халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру керектігін баса айтып, ол жода түрлі шараларды ұйымдастыруды тапсырған болатын.
Сенбілікке 250 адам қатысып, Сайрам қалашығы (Исфиджаб), Абдель-Азиз баб, Ибрагим-ата кесенесі, Қожа Салих кесенесі, Мірәлі баб кесенесі, Қарашаш ана кесенесі, Қызыр мұнарасында тазалық жұмыстарын жүргізді.