Қазіргі таңда қоғамдағы түйткілді проблемалардың бірі — лудомания тақырыбы екені жасырын емес. Жастар арасында құмар ойынға қызығып, жаман әдеттің шырмауына түскендердің саны артып келеді. Осы және өзге де мәлелелер ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевпен өткен кездесуде талқыланды.
Қаламыздың әр бұрышында букмекерлік кеңселер салынып, саны жыл санап артып келеді. Осының салдарынан оңай жолмен ақша тауып, құмар ойынға құныққан жастарымыз көбеюде. Бәс тігіп, түнімен букмекерлік кеңсені торуылдап, уақытын текке өткізген жандарды көргенде налитының анық. Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар лудомания дейді. Ал, еліміздегі желпілдеген жастарымыздың бұл дертке шалдығуының себебі не? «Өршіп тұрған мәселенің бірі — лудомания тақырыбы. Жарнамасына көз де, құлақ та үйренді. Жастар оңай жолмен ақша табуды көздеп, құмар ойынның құлына айналып отыр. Осы қауіпті індетпен күресу шараларын күшейту үшін арнайы заң қабылдау мәселісі қаралуда»,- деген Елнұр Бейсенбаев өңіріміздің белсенді жастарымен кездесіп, бұл дерттің алдын алуға шақырды.
Мәслихат депутаттары, басқарма өкілдері, Жастарды қолдау кеңесі мүшелері, блогерлер, қоғамдық бірлестіктер, жастар ресурстық орталығы, жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, мәдениет және спорт саласының жастары қатысқан шара еркін форматта өтті. Вейп пен электронды темекінің, құмар ойындардың жастар арасында таралуын тоқтату бойынша пікірлер айтылып, жаман әдетке қарсы күресу үшін бірқатар жобалар ұсынылды. Сонымен қатар, жастар арасындағы жұмыссыздық, әлеуметтік мәселелер қозғалды.