Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты — бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі — мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс — оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін , барлық шәкіртін , мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар : бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында дәл осы білім беру саласының өзектілігін айтып, нақты тапсырма беріп келеді. Мәселен, «Уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу — еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында тұрған кезек күттірмес ауқымды міндет» деген болатын. Сол үшін де 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берді. Бұл міндет Шымкент қаласында артығымен орындалып жатыр десек артық айтпаймыз. Жеке мектептер мемлекеттік мектептегі оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешетіндігін айтқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов дәл осы білім ошақтарының жағдайымен танысу мақсатында аралап көрді. Биыл 4 бірдей жекеменшік мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашады. Нұрсәттегі «South Alup» мектебінде жұмыс ауқымының 70 пайызы орындалған. Аумағы 2,8 гектарды құрайды, 1425 оқушыға лайықталған. Ғимарат үш қабаттан тұрады, мұнда арнайы спорт залы, асханасы, лингофондық, компьютерлік сынып бөлмелері қамтылған. Мектеп жаңа заманауи үлгімен салынуда. Әрі жаңа технологиялық құралдармен жабдықталған. «South Alup» жеке мектебіне жақын орналасқан 2 мемлекеттік мектепте бала саны 2 есе артығымен оқып жатыр. Қазіргі салынып жатқан «South Alup» білім ұясы көршілес мектептегі оқушы санының тығыздығын болдырмауға септігін тигізбек. Яғни, жеке мектептер мемлекеттік мектептегі оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешеді.
Ал, Сайрам, Базарқапқа тұрғын алаптары мен Нұрсат шағынауданында бой көтеріп жатқан жекеменшік білім ұялары да 1-қыркүйекте бала қабылдауға дайын. «Астана» және Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептерінің құрылысын тексерген Мұрат Дүйсенбекұлы бала қауіпсіздігінің бағытын бағамдады. «Астана» атты 2 мың орындық білім ғимараты 3 қабаттан тұрады. Мұнда құрылыс наурыз айында басталған. Ахмет Байтұрсынов есімін иеленген жалпы орта мектеп 3 мың орынға лайықталған 3 қабатты ғимарат. Екі нысанда да қазір ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары атқарылып, аулалары абаттандырылуда. Орындалған жұмыстардың көлемі 90- 95%. Жеке мектептер бала саны жыл санап артып келе жатқан елдімекендердегі мектептердің жүктемесін азайтып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қала әкімі жауаптыларға құрылыс барысында ең алдымен оқушылар қауіпсіздігін қамтып, өскелең ұрпақтың жайлы жағдайда білім алуына қажетті шаралардың барлығын ескеру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
«SEITZHAN SCHOOL» ЗАМАНАУИ МЕКТЕБІ – халықаралық деңгейде білім беріп, сингапурлық стандартты бала бойына дарытуды мақсат еткен. Жаңа оқу жылынан бастап үш тілде білім береді. Шымкент Сити шағын ауданында орналасқан жекеменшік оқу ордасының аумағы 2,8 гектар көлемді алып жатыр. 900 орынға арналған жаңа мектептің құрылыс жұмыстарымен де қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы танысты. Қазіргі уақытта мектеп құрылысының 95 пайызы аяқталған. 2021 жылы басталған құрылыс жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
«Seitzhan school» мектебі жаңа шағын ауданда орын тепкендіктен, мұнда салынып жатқан биік, көп қабатты тұрғын үйлердің көптігіне байланысты оқушы саны басым деуге болады.
Дегенмен, жаңа мектептің жанында көршілес 1200 орындық №89 жалпы орта мектебі орналасқан, бұл жерде 2408 оқушы білім алады. Сонымен қатар 1200 орындық №135 орта мектепте 1886 бала оқып жатқандығын ескерсек, жеке білім ордасында білім алушылардың саны да арта түспек.
Айта кетейік, «Seitzhan school» мектебі балалардың пәндік оқыту сабағынан бөлек, түрлі үйрімелерге баулитын қосымша сабақтар кабинеті, бассейн және кең спорт залымен, асханамен қамтылған.
Ақжайық шағын ауданында да «Abylaikhan innovative school» жаңа оқу жылына оқушыларды қабылдауға дайын отыр. Төрт қабатты 650 орынға арналған мектеп заманауи үлгіде салынған. Жоба құны 3 миллиард теңгені құрайды. Айта кетейік, жаңа мектепте оқушылар білімін арттыру мақсатында білікті педагогтар сабақ беретін болады. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы барған тағы бір жекеменшік мектеп Д.Қонаев даңғылының бойында орналасқан. «Сұңқар» мектебі — 850 орынға лайықталып салынған. Қаланың қақ ортасынан бой көтерген білім ұясы заман талабына сай барлық жабдықтармен қамтылған.
Міне, еліміздің үшінші мегаполисінде мәртебесі биік білім саласындағы ғимараттарды дамытуда осындай ілкімді істерді кәсіпкерлер де жоғары деңгейде жүргізіп келеді. Бәсекеге қабілетті қоғамды дамыту ісінде мұндай келелі тірліктер – ел ертеңін бағамдамақ. Жастардың болашағы – бүгіннен бастау алады.