Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлем чемпионы, финалист және тай боксынан әлем чемпионатының қола жүлдегері Жәнібек Қанатбаевтың спорттық мансабы енді Америкада жалғаспақ. Тай және жұдырықтасу бойынша жеңілістерді білмейтін кәсіби күрескер, NOMAD FC 5/0 , Muay Thai 9/0, Bushido Kazakhstan, Jauynger ұйымының және Қазақстан Республикасының 9 дүркін чемпионы. Әлем чемпионатының 2015, 2016, 2018, 2022 жылдардағы жүлдегерін Америкаға нендей күш алып барды? Біз атақты спортшының өзінен сұрадық.
–Жәнібек, алдымен сіздің спортқа алғаш қадамыңыз туралы білгіміз келеді…
– Мен Алматы облысы, Қарасай ауданында туылдым. Спорт әлеміне қадамым 2005 жылы басталды. Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резервтік мектеп-интернат колледжінде грек-рим күресі тобында оқып, спорттың осы түрімен шұғылдандым. Бірақ, басқа да спорт түрлерін меңгеріп, биіктерді бағындырғым келді. Тай боксына ауыстым. 1,5 жыл ішінде Қазақстан құрамасына кіріп, әлем чемпионатына жолдама алдым. Муай-тай дүниежүзілік чемпионатында жүлделі 2 орыннан көрінген соң менің спорттық мансабым басталды. Муай-тай бойынша Әлем чемпионатында күміс медальге ие болдым. БАӘ астанасы Абу-Даби қаласында өткен жарыс 80 елден келген 700 спортшы үшін жарыс алаңына айналды. Сонда 67 килограмға дейінгі салмақта жарыс жолына шықтым. Бәсекелестерімді Henry Rohtla (Эстония), Erdem Taha Dincer (Түркия) айқын басымдылықпен жеңдім. Сонымен бірге Karimjon Karimov (Өзбекстан) атты спортшыдан басым түстім. Қазақстандық финалға сәтті жетіп, тартысты күресте Тайланд командасының капитаны Anueng Khatthamasri атты спортшыны жеңдім.
–Иә, сіздің спорттық мансабыңыз жарқын жеңістерге толы. Тай және жұдырықтасу бойынша жеңілістерді білмейтін кәсіби күрескер, NOMAD FC 5/0 , Muay Thai 9/0, Bushido Kazakhstan, Jauynger ұйымының және Қазақстан Республикасының 9 дүркін чемпионысыз һәм Әлем чемпионатының 2015, 2016, 2018, 2022 жылдардағы жүлдегерісіз. Атақты NOMAD FC-дегі жолыңыз неден бастау алып еді?
– NOMAD FC-дегі жолымды 2022 жылы бастадым. Бірінші жеңістен кейін жалғастырғым келмеген. Бірақ, 4 жекпе-жекке жақсы келісімшарт ұсынылған соң, ойлана келе боксшыларға қарсы дайындалдым. Екінші жекпе-жекте жеңіске жеттім, бірақ сол қолым сынды. Соған қарамастан 2 айдан кейін 3-ші жекпе-жек өткізіп, техникалық нокаутпен жеңіске жеттім. Төртінші жекпе-жек мен үшін оңай болды. Бірауыздан төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, NOMAD FC чемпиондық белбеуіне 65 кг салмақтағы үміткер атандым. Жарақаттан айыққаннан кейін қайтып оралдым және 70 кг дивизионындағы ең мықты жауынгерге қарсы титулдық жекпе-жек өткіздім, оның рекорды – 5-0, жеңіліссіз жүрді. Менде 4-0 болды. Бірінші раундтағы жекпе-жекте оны корпусқа соғып, техникалық нокаутпен жеңдім. Осылайша NOMAD FC ұйымында 70 кг дивизионында жаңа чемпион атандым. Белбеуді алғаннан кейін мен ұйымнан кететінімді және Америкада өнер көрсетіп, армандарымды орындайтынымды айттым.
–Бәрекелді, сізге үлкен сәттілік тілейміз, Жәнібек! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!
Сұхбаттасқан: Самал АҚБЕРГЕН











