Халықтың әл-ауқатын жақсартуда жұмыспен қамту аса маңызды мәселе. Биыл 57 181 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде жоспардың 67,1% орындалған. Әлеуметтік саладағы оң өзгерістер мен ауқымды жобалар барысын басқарма басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков баяндады.
Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту, Субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту кіреді. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша биыл 6 065 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған. Қазіргі таңда нақты – 5 780 адам қамтылды. Сондай-ақ, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша 2023 жылға 23 420 жұмыс орыны құрылатыны жоспарлануда.
Жұмыспен қамту шараларының тағы бірі — Жастарға микрокредит беру. 2023 жылы Шымкентте 261 азаматқа жастарға арналған жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, 2023 жылдың 17 наурызында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы және «Агронесие корпорациясы» АҚ арасында тапсырма шарты түзілген. Халықтың әл-ауқатын жақсартуда мемлекеттік қайтарымсыз гранттың да үлесі орасан. Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары азайып, керісінше жұмыспен қамтылғандар мен өз кәсібін дөңгелеткен шымкенттіктердің қатары артуда. Биыл Шымкентте әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған.