Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы» және «Жеңілдіктері бар адамдарға (Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына және Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысушыларға) мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 4 тамыздағы № 500 бұйрығының күші жойылды деп тану туралы» қорғаныс ведомствосы басшысының бұйрығының жобасын әзірледі,деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұйрықтың қабылдануы азаматтарды әскери есепке алудың ақпараттық жүйесін пайдалануға енгізуге байланысты, ол әскери қызмет өткермеген азаматтарға әскери билеттерді, әскерге шақыру жасындағы азаматтарды тіркеу туралы куәліктерді беруді жоюға, сондай-ақ оларды автоматтандыруға байланысты бірқатар мемлекеттік қызметтерді алып тастауға әкеп соғады.
Мысалы, қорғаныс ведомствосы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректерін интеграциялауға байланысты ақпараттық жүйеден «жеңілдіктері бар адамдарға (Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына және Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысушыларға) анықтамалар беру» мемлекеттік қызметі алынып тасталады.
Бұйрық жобасының толық мәтінімен «Электрондық үкімет» порталында «Ашық НҚА» бөлімінде биылғы жылдың 5 мамырына дейін мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14504220