Президентке биылғы 10 айдағы криминогендік жағдай туралы есеп берілді. Министрдің мәліметі бойынша, кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, тонау, ұрлық, мал ұрлығы, сондай-ақ бұрын сотталғандар тарапынан, мас күйінде және отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстар азайған.
Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстың себептері мен қаржыландыру көздерін жоюға баса мән бере отырып, оларға қарсы күрес тәсілдерінің өзгергені жөнінде баяндалды.
Министрдің айтуынша, бопсалаумен, адам саудасымен, қару-жарақты, есірткіні заңсыз сатумен және басқа да қылмыстармен айналысқан 33 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.
Полицейлер заңсыз айналымдағы 12 тоннаға жуық есірткіні, соның ішінде оның 212 кг синтетикалық түрлерін тәркіледі. 36 есірткі зертханасы мен 43 есірткі каналы жойылды, есірткілерді жарнамалайтын 1900 сайт бұғатталды. Министрлік нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы үш жылға арналған Кешенді жоспар әзірлеп жатыр.
Сонымен қатар Президентке «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жеке заң әзірленіп жатқаны туралы баяндалды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы елімізде азаматтардың қауіпсіздігін және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.
ақорда кз









