ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай Шымкент қалалық əкімшілігінің ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Атқарылған жұмыстың сапасын өңір басшысы Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тексеріп, нысанды аралады.
Атап айтар болсақ, ғимараттың іргетасы 1950 жылы қаланған. 2015 жылдың қыркүйегінен басталған нысанның қайта жөндеу жұмыстарына 500 млн теңге бөлінді.
Бүгінгі таңда бұл ғимаратқа Əл-Фараби аудан аппаратымен қатар қалалық білім бөлімі, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де орналасқан.
Жаңа әкімшілік нысанының ашылуымен бірге облыс, қала басшылары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай қала мектептеріне оқушы тасымалдаумен айналысатын 19 жаңа автобусты табыстау рәсіміне қатысты. Жаңа көліктердің кілтін мектеп директорларына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев табыс етті.
Айта кетерлігі, мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып тасымалдау мақсатында мемлекет тарапынан 11 мектепке жаңа автобустар табыс етілді. Алдағы уақытта, 3000-ға жуық оқушы мектепке жеке автобустар арқылы тегін тасымалданатын болады.
Бұған дейін оқушыларды тасымалдау жұмыстары келісім-шарт арқылы жеке кәсіпкерлер «Абад ЮГ» ЖШС және «Төлеби Автобус Паркі» ЖШС арқылы жүргізіліп отырған болатын.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.