Бар жақсылық балаларға! Бүгін еліміздің әр аймағында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай салтанатты шаралар өтуде. Үшінші мегаполисте де бұл дата жоғары деңгейде тойланды. Шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласының кішкентай тұрғындарын төл мерекелерімен құттықтап, дарынды жастармен кездесті. Іс-шара соңы мерекелік бағдарламаға ұласып ән мен жырдан шашу шашылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланды. Осыған орай Шымкент қаласында балалар жылына орай қалалық қазынадан 44 млрд теңге қаралып, 84 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекітілді. Бүгінгі іс-шара соның бір үзігі. Әл-Фараби алаңында орналасқан Орыс драма театрының ауласында қаламыздың кішкентай тұрғындары бақытты балалық шақты бейнелеп, асфальтке сурет салды. Айта кетейік, бұл шараға 500 оқушы қатысты. Сонымен қатар, қала тұрғындарынан бөлек қала қонақтары да бүгінгі игі шараға куә болып, өздерінің жоғары бағасын берді.
Іс-шараға арнайы келген шаһар басшысы балалармен пікір алмасып, олардың өнерін тамашалады. Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы. Шымкент қаласының абыройын асқақтатып, білім-ғылым саласында қарышты қадам жасап, жүлделі орындарды қоржынға салып келе жатқан жас дарындар да бүгінгі шарада бой көрсетті. Шаһар басшысы оқушылармен тілдесіп, білім саласындағы жаңалықтарға қанық болды.
Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады. Халықаралық балаларды қорғау күні — бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың құқығын қорғап, қамқор болуға үндейтін ерекше күн. Шымкент қаласының биылғы оқу жылында жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлық.150 оқушы халықаралық, республикалық бәйгелерде топ жарып, мегаполис мәртебесін асқақтатты.