Түркістан облысының дихандары 2021 жылды толағай жетістіктермен қорытындыламақ. Жыл басынан бері 805,3 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 128,7 млрд теңгеге артты. Ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың га егілді. Енді өңірдегі табиғи таза өнімді тұтынушыға тікелей жеткізіп, бір нүктеден сату бойынша «Эко Базар» нысаны іске қосылып жатыр. Осы еліміздегі ірі логистикалық хаб алаңында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 4%-бен несие беретін «Yassy Business» бағдарламасы да іске қосылды.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» өткен брифингте ауыл шаруашылығы саласындағы тың жобалармен бөлісті.
«Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімділігі орташа 20 центнерге өсіп, өткен жылдан 500 мың тоннаға артты. Рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, 3,3 млн тонна өнім жиналды.
Бұдан бөлек, азық-түлік белдеуі аясында құны 36,3 млрд. теңгені құрайтын 6 серпінді инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
«Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында 8,9 мың га 2 878 жоба іске асып, 280 мың тонна көкөніс өнімі жиналды», деді облыс басшысы.